С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің жобасы
ИРН AP19174684
Жобаның өзектілігі
Мал өнімділігі мен өндіріс шығындарына әсер ететін факторлардың ішінде ең маңыздысы – азықтандыру. Мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнында азық шығындарының үлесі жануар түрі мен жыныстық-жас ерекшеліктеріне байланысты 50-70% құрайды. Азықтандырудағы энергия шығындарын төмендету мақсатында азықтарды алдын ала өңдеу жүргізіледі, бұл рационның теңгерімділігін қамтамасыз етіп, қоректік заттардың сіңімділігін арттырады. Қабылданған азықтандыру типіне және экономикалық тұрғыдан тиімді компоненттердің болуына байланысты жем қоспалары дайындалады.
Жем өндірісін дамытудың маңызды бағыты – толыққұнды және экологиялық қауіпсіз құрама жем өндіру, сондай-ақ өсімдік және жануар текті ақуыз шикізатымен қамтамасыз ету. Еуропа елдерінде дәнді дақылдардың шамамен 45%-ы құрама жем өндірісіне пайдаланылады. Сондықтан өнім сапасын арттырумен қатар, шикізат ресурстарын тиімді пайдалану да маңызды. Бұл міндет дәстүрлі шикізатты өңдеудің заманауи ресурсты және энергияны үнемдейтін технологияларын енгізу және негізгі компоненттерді ұтымды алмастыруды көздейтін технологияларды әзірлеу арқылы шешіледі.
Дәнді және бұршақты азық компоненттерінің қоректік құндылығын арттырудың тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы әдісі – көпкомпонентті қоспалар негізінде экструдирленген өнімдер өндіру. Соңғы жылдары жануар рационында макро- және микроқоректік заттармен теңгерілген, жоғары қоректік қасиеттері бар табиғи жем қоспаларын қолдануға ерекше назар аударылуда. Картоп және картоп өңдеу қалдықтары да жануарларды азықтандыруда тиімді қолданылып, дәнді дақылдарды алмастыра алады.
Экструзиялау кезінде шикізат қысқа уақыт ішінде жоғары температура мен қысым жағдайында қарқынды механикалық және баротермиялық әсерге ұшырайды, нәтижесінде оның құрылымдық-механикалық және химиялық құрамы өзгереді. Экструзия барысында крахмал желатинизацияланады, оның мөлшері 12%-ға азайып, қанттар 14%-ға артады. Картоп шикізатының негізгі компоненті – жоғары молекулалы полисахарид крахмал – гидролизденіп, қарапайым моносахаридтер мен декстриндерге айналады. Өңдеу уақытының қысқалығына байланысты ақуыз коагуляцияланбайды, бұл витаминдер мен қоректік заттардың сақталуына мүмкіндік береді.
Уытты заттар белсенді емес қосылыстарға ыдырап, қауіптілігін жоғалтады. Экструдерден шығу кезінде қысымның күрт төмендеуі өнім көлемінің ұлғаюына әкеліп, оның сіңімділігін арттырады. Сонымен қатар экструдерде қосымша араластыру және ұнтақтау жүреді. Экструзия процесінде өнімнің ылғалдылығы бастапқы деңгейден 50%-ға дейін төмендеуі мүмкін, бұл жоғары ылғалдылықтағы компоненттерді, соның ішінде картопты, құрама жем құрамына енгізуге мүмкіндік береді.
Экструдирленген жем өндірісіндегі перспективалы бағыттардың бірі – сұрыпталмаған картопты пайдалана отырып рецептуралар әзірлеу. Қазақстан Республикасында 2021 жылы картоп өндірісі 4 031,6 мың тоннаны құрады, егіс алқабы – 195,8 мың гектар, өнімділік – гектарына 207,4 центнер.
Экономикалық нормаларға сәйкес, жалпы өнімнің шамамен 8%-ы сатуға және сақтауға жарамсыз сұрыпталмаған немесе өтімсіз картоп ретінде жойылады, бұл шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Бұл көлем қайта өңделмей, алқаптарға шығарылып тасталады.
Сұрыпталмаған картопты қамтитын жем рецептурасын әзірлеу жойылатын картоп көлемін айтарлықтай азайтып, құрама жемнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай экструдирленген жемді қолдану жануарлардың өнімділігін арттырады, бұл бірқатар ғылыми зерттеулермен дәлелденген.
Жобаның мақсаты
Сұрыпталмаған картопты экструзиялау технологиясын әзірлеу және оны пайдалана отырып дайындалған экструдирленген жемді қолданғаннан кейін алынған мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне ветеринариялық-санитариялық баға беру, нәтижесінде картопты қалдықсыз өңдеуді енгізу және жануар өнімділігін арттыру.
Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер
Отандық сұрыпталмаған картопты қамтитын экструдирленген жем әзірленіп, өндіріске енгізілді;
Қолданудың оңтайлы схемасы анықталды;
Алынған мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі және тағамдық құндылығы ғылыми негізделіп бағаланды;
Қазақстан Республикасының №37445 «Сұрыпталмаған картоп пен фитогениктерді пайдалана отырып экструдирленген құрама жем дайындау тәсілі» патенті алынды;
Сұрыпталмаған картопты пайдаланудың экономикалық тиімділігі анықталды;
Web of Science дерекқорындағы алғашқы үш квартильге немесе Scopus дерекқорында CiteScore пайыздық көрсеткіші кемінде 50 болатын журналдарда кемінде екі мақала жарияланады.
Зерттеу тобы
Зерттеу тобына ветеринариялық-санитариялық сараптама, тағам қауіпсіздігі, экструдирленген жемдер мен фитобиотиктер әзірлеу саласында мол тәжірибесі бар отандық және шетелдік екі ғылыми кеңесші кіреді.
Балджи Юрий Александрович – ғылыми кеңесші, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, тағам қауіпсіздігі саласының маманы.
Zamaratskaia Galia, PhD – шетелдік ғылыми кеңесші, Швеция ауылшаруашылық ғылымдары университетінің қауымдастырылған профессоры, тағам қауіпсіздігі саласының маманы.
Жоба жетекшісі
Исмагулова Гүлжихан Талғатқызы – постдокторант, ветеринария ғылымдарының магистрі, h-индекс 1.