Басты бет Жаңалықтар «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру» форумы өтті
«Ауыл тұрғындарының табысын арттыру» форумы өтті
Жарияланған күні:14.11.2025

А.И. Бараев атындағы АШҒӨО базасында ауыл шаруашылығы саласы, ғылыми ұйымдар және фермерлік қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстырған «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру» форумы өткізілді. Форум «Ауыл» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының өкілдері қатысты.

«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Қапарович Айтуғанов өз сөзінде ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізудің, фермерлерді қолдаудың және ауылдық өңірлерде халықтың табысын арттыру үшін мүмкіндіктерді кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Форумға аудан мен ауыл әкімдерінің қатысуы аграрлық саланың негізгі міндеттерін, өндіріс тиімділігін арттыру жолдарын және өңірлерде перспективалы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылауға жағдай жасады.

Көрме бағдарламасы аясында NFT-KATU және MB5 компаниялары агроөнеркәсіптік кешенге арналған түрлі әзірлемелер мен өнімдерін ұсынды: экструдталған жемдер, фитогенді жемдік қоспалар, спирт өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу негізінде алынған құрама жемдер, ара ауруларының алдын алу және емдеуге арналған фитопрепараттар, фитобиотиктер, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін анықтауға арналған экспресс-тесттер, сондай-ақ мал шаруашылығы мен ветеринария саласының мамандарына арналған монографиялар мен әдістемелік ұсынымдар. Сонымен қатар, компания ИРН AP23484620 жобасы бойынша «Маститтің алдын алу және емдеу үшін фитобиотиктер мен фитогениктерді әзірлеу және енгізу, сүттің сапасы мен қауіпсіздігін бағалау» тақырыбындағы соңғы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетті. Бұл материалдар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, талқылауға, сұрақ қоюға және белсенді пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, форумда шұжық және сүт өнімдері, дәнді дақылдар, сондай-ақ жүннен жасалған бұйымдар ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум тәжірибе алмасуға, практикалық шешімдерді талқылауға және ғылыми мекемелер, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жергілікті билік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тиімді алаң болды. Барлық аталған шаралар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Әлеуметтік желілерде бөлісу