2026 жылғы 21 мамырда «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ Агротехнопаркінде ғылыми әзірлемелер көрмесі өтті. Көрмеге Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич қатысты.
«NFT-KATU» ЖШС агроөнеркәсіптік кешенге арналған инновациялық әзірлемелердің кең спектрін тағы да таныстырды. Қонақтардың назарына жануарларға, құстарға және балықтарға арналған экструдталған азықтар, фитогенді азықтық қоспалар, спирт және ет өңдеу өндірісінің қайта өңделген қалдықтары негізіндегі құрама жемдер, ара ауруларының алдын алуға және емдеуге арналған фитопрепараттар, сондай-ақ жануарлардың желінін өңдеуге арналған фитобиотикалық құралдар ұсынылды. Ғылыми әзірлемелер AP23484620, AP23487951, AP19174684, DP21681750 және 0359-18-ГК жобалары аясында орындалды.
Сонымен қатар мал шаруашылығы және ветеринария саласындағы мамандарға арналған монографиялар мен әдістемелік материалдар ұсынылып, ғылыми әзірлемелердің практикалық қолданылуы және олардың заманауи аграрлық саланы дамытудағы маңызы көрнекі түрде көрсетілді.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын араларға арналған «BeeStrip» биожолақтары тудырды. Бұл – өсімдік сығындылары негізіндегі, аралардың инвазиялық ауруларының алдын алуға және емдеуге, сондай-ақ қауіпсіз бал алуға арналған биопрепарат. Алешка Симкич кеше, 2026 жылғы 20 мамырда, 2017 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген Дүниежүзілік аралар күні болғанын атап өтті.
Көрмеге қатысу компанияның инновациялық әлеуетін және университеттің ғылыми әзірлемелерінің Қазақстанның тұрақты агроөнеркәсіптік секторын дамытуға қосқан үлесін көрсетуге тағы бір мүмкіндік берді. Компания үшін отандық және шетелдік қонақтарға агроөнеркәсіптік кешенге арналған экологиялық және тиімді шешімдерді дамытуға бағытталған заманауи әзірлемелер мен өнімдерді ұсыну ерекше маңызды.
