Басты бет Жаңалықтар Аграрлық технологияларды дамытуға арналған стратегиялық сессия аясындағы көрмеге «NFT-KATU» ЖШС-нің қатысуы
Аграрлық технологияларды дамытуға арналған стратегиялық сессия аясындағы көрмеге «NFT-KATU» ЖШС-нің қатысуы
Жарияланған күні:19.12.2025

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) даму перспективалары мен оның Агротехнологиялық хаб форматына көшу мәселелеріне арналған стратегиялық сессия өтті.

Іс-шараға ҰАҒБО Басқарма мүшелері және Директорлар кеңесінің өкілдері, аграрлық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, ауыл шаруашылығы тәжірибелік станцияларының басшылары, аграрлық технологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығының өкілдері, бизнес қауымдастығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қатысты.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмеде «NFT-KATU» компаниясы агроөнеркәсіптік кешенге арналған әзірлемелердің кең ауқымын ұсынды. Көрме қонақтарына экструдталған жемдер, фитогендік жемдік қоспалар, спирт өндірісінің қайта өңделген қалдықтары негізіндегі құрама жемдер, ара ауруларының алдын алу және емдеуге арналған фитопрепараттар, желін үрпілерің өңдеуге арналған фитобиотикалық құрал, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған экспресс-тесттер таныстырылды. Сонымен қатар, мал шаруашылығы және ветеринария саласындағы мамандарға арналған монографиялар мен әдістемелік материалдар ұсынылды.

Стратегиялық сессияны өткізу заманауи агротехнологиялық экожүйені қалыптастырудың өзектілігін растады және Қазақстанның аграрлық саласында ғылым, білім және бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісу