2026 жылғы 17 шілдеде Ерейментау қаласында «Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Ақмола облысы әкімдігінің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтардың басшылары, ғалымдар және аграрлық бизнес өкілдері қатысты.
Семинар барысында етті мал шаруашылығын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, жем өндірісіне заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктері көрмесі ұйымдастырылып, онда кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар мал шаруашылығы саласына арналған инновациялық әзірлемелерді, заманауи жабдықтарды, жемдік өнімдерді және перспективалы технологияларды ұсынды.
«NFT-KATU» ЖШС ұсынған ғылыми әзірлемелер семинарға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Іс-шара барысында компания өкілдері ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен және фермерлермен кеңес өткізіп, AP23484620 ғылыми жобасы аясында әзірленген инновациялық өнімдерді қолдану бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, сауыннан кейін желін емшектерін өңдеуге арналған «PhytoDiP» фитобиотикалық құралы мен «7-Phyt» фитогенді жемдік қоспасын Ақмола облысының мал шаруашылығы кәсіпорындарында енгізу перспективалары талқыланды.
