Жарияланған күні: 25.07.2025.
Патент иесі: «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам.
Бұл өнертабыс ауыл шаруашылығына, атап айтқанда экструзияланған аралас жемдерді өндіру технологиясына қатысты.
Өнертабыстың техникалық міндеті – сортсыз картоп пен фитогеникаларды қамтитын экструзияланған аралас жем дайындау әдісін әзірлеу.
Өнертабыстың техникалық нәтижесі дәнді дақыл шикізатына ұсақталған және сығымдалған сортсыз картоп қосып, фитогеникалармен байытылған экструзияланған гранулалар немесе стренг (таспа) өндіру арқылы қол жеткізіледі.
Өнертабыстың мәні мынада: сортсыз картоп 1-3 см фракцияға дейін ұсақталады, 30-50% ылғалдылыққа дейін сығылады, содан кейін арпа, бидай, сұлы, тритикале, жүгері, асбұршақпен жеке-жеке немесе өзара араласқан түрде (ұсақталған немесе тұтас түрде) араластырылады. Араласқа Artemisia absinthium (жусан) 20% экстрақтысы мен Populus balsamifera (бальзам терегі) бүршіктерінің 10% экстрақтысы түріндегі фитогеникалар қосылады; бұл экстрақтылар Сокслет аппаратында экстракциялау немесе ұстату әдісімен дайындалып, алдын ала суда ерітіледі. Алынған қоспа 15 минутқа дейін араластырылады және 150 ℃-қа дейінгі температурада экструзияланады. Гранулаланған өнім алу үшін экструзиялау 4-тен 12 мм-ге дейінгі матрицалары бар грануляциялық қондырғыны пайдаланып жүргізіледі. Алынған экструзияланған гранулалар немесе стренг кептіргіште салқындатылады немесе табиғи температурада 24 сағатқа дейін салқындауға қалдырылады.
Ұсынылған сортсыз картоп қосылған экструзияланған аралас жемді дайындау әдісі картоп өсіру қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, сонымен қатар мал рационын қосымша қоректік заттармен байытып, олардың өнімділігін арттырады.
Дереккөз ретінде: Балджи Ю.А., Исмағұлова Г.Т., Майер Е.Г., Төлендиев Ж.Е. Сортсыз картоп пен фитогеникалар қосылған экструзияланған аралас жем дайындау әдісі. Қазақстан Республикасының өнертабыс бойынша №37445 патенті, 30.11.2023 жылғы №2024/0035.1 өтініш негізінде. 25.07.2025 жылғы №30 бюллетень.
Осы патент бойынша құқықтарды беруді және лицензиялық келісім жасасуды талқылау үшін "КАТИУ" КЕАҚ коммерцияландыру кеңсесіне хабарласыңыз. С. Сейфуллин", Астана қ., Жеңіс даңғылы, 62, каб. 1302. Тел.: 8 (7172) 39-39-19, e-mail: dpk_katiu@mail.ru немесе телефон арқылы: +7-701-979-67-98.