2026 жылғы 11 маусымда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Ғылым қоры» АҚ-ның, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің», Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері және ғылыми-аграрлық қауымдастықтың басқа да өкілдері келді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің аграрлық ғылымды дамыту мәселелеріне арналған көшпелі отырысы аясында ҚАТЗУ Агротехнопаркінде университеттің ғылыми жетістіктері мен инновациялық әзірлемелерінің көрмесі өтті.
«NFT-KATU» ЖШС көрмеде агроөнеркәсіптік кешенге арналған ғылыми әзірлемелердің кең ауқымын ұсынды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы жануарларына, құстар мен балықтарға арналған экструдирленген жемдер, фитогендік жемдік қоспалар, спирт және мал сою өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу негізінде дайындалған құрама жемдер, ара ауруларының алдын алу және емдеуге арналған фитопрепараттар, сауыннан кейін желін емшектерін өңдеуге арналған фитобиотикалық құралдар, сондай-ақ ғылыми монографиялар мен әдістемелік материалдар бар.
Ұсынылған әзірлемелер AP23484620, AP23487951, AP19174684, DP21681750 және 0359-18-ГК ғылыми жобалары аясында орындалған және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешеніне заманауи экологиялық бағытталған технологияларды енгізуге бағытталған.
