Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде «Аквакультураның болашағы: мәселелер және практикалық шешімдер» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Семинар балық шаруашылығын тұрақты дамыту, экологиялық қауіпсіздік, балық ауруларының алдын алу және баламалы жемдік шешімдерді іздеу мәселелеріне арналды.
Семинар жұмысына С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және «NFT-KATU» ЖШС өкілдері қатысты. Іс-шара аясында AP23487951 «Балықтың өнімділігін арттыруға арналған экструдталған байытылған құрама жемдерді әзірлеу және олардың сапасы мен қауіпсіздігін бағалау» жобасы бойынша дайындалған «Балықтарға арналған фитобиотиктермен байытылған экструдталған құрама жемдерді қолданудың тиімділігі» тақырыбында баяндама ұсынылды.
Баяндамада табиғи фитобиотикалық компоненттерді пайдалана отырып, аквакультураға арналған экструдталған жемдерді әзірлеудің ғылыми-практикалық тәсілдері қарастырылды. Фитобиотиктерді балық өнімділігін арттыру, олардың табиғи төзімділігін күшейту, өнім сапасын жақсарту және аквакультурада антибиотиктерге тәуелділікті төмендету құралы ретінде қолдану перспективаларына ерекше назар аударылды.
Семинар тақырыбы заманауи аквакультураның негізгі сын-қатерлерін қамтыды, оның ішінде су ортасының ластануы, мекендеу ортасының тозуы, жемдік шикізаттың тұрақты көздерін іздеу қажеттілігі, балық ауруларының алдын алу және экологиялық жауапты өсіру технологияларын енгізу мәселелері талқыланды. Практикалық шешімдер ретінде инновациялық жерүсті өсіру жүйелері, интеграцияланған көптүрлі аквакультура, баламалы жем компоненттері, балық саулығына арналған табиғи қоспалар, сондай-ақ ғылым, өндіріс және жергілікті қауымдастықтар арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері қарастырылды.
Семинарға қатысу С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ мен «NFT-KATU» ЖШС-нің балықтарға арналған фитобиотикалық және экструдталған жемдер саласындағы ғылыми әзірлемелерін таныстыруға, сондай-ақ ветеринария, жем өндіру және тұрақты аквакультура бағытында жұмыс істейтін РУДН университеті мен басқа ұйымдардың әріптестерімен ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
